Кожбанова Салтанат Абдикапаровна
Астана қаласы әкімдігінің №86 «Зияткер» балабақшасы МКҚК музыка жетекшісі, педагог-модератор
Ерте, ерте, ертеде, Көкжиектің ар жағында, таулардың арасында,
Желмен сырласқан, өзенмен мұңдасқан бір шағын ауыл болыпты.
Бұл ауылда әр таң домбыра үнімен басталып, балалардың күлкісі күй сазымен араласып жатады екен.
Бір күні ауылға алыс сапардан бір дана ұстаз келеді.
Қолында – қоңыр домбыра, жанында – «Сиқырлы күй әлемі» деп аталатын ерекше кітапша.
Ұстаздың көзі жылы, үні мейірімді еді.
Балалар жүгіріп келіп, айналасын қоршап алады.
— Балалар, бұл қандай аспап? Балалар: — домбыра Ұстаз : — бұл жай ғана домбыра емес.
Бұл – жүректің тілін сөйлететін, көңілдің сырын жеткізетін аспап.
Ал мына кітапша – сендерді өнердің сиқырлы әлеміне жетелейтін жол.
Осылайша алғашқы сабақ басталды.
Ұстаз домбыраның екі ішегін баяу қағып, желдің сыбдырын, өзеннің сылдыры мен құстардың үнін әуенге қосты. Балалар көздерін жұмып, қиялға берілді:
-біреуі жорғадай желіп келе жатқан тұлпарды көрді,
-біреуі асқар тауға өрлеген батырды елестетті. -ал мен дос қыздарыммен би билеп жүрміз, қолымызда асатаяқ бар. Көңілді би «Асатаяқ» -деп аталады. — Музыканы тыңдағанда қиялдарыңды еркін жіберіңдер, — деді ұстаз. —Жүректерің сурет салсын, ойларың әңгіме құрсын, қимылдарың әуенмен билесін.
Келесі сабақта ұстаз балаларға қимыл арқылы күйдің мәнін ашуды үйретті. Күй шапшаң ойналғанда – балалар желмен жарысқандай жүгірді, күй мұңды болғанда – жапырақтай баяу тербелді.
Сол сәтте әр бала өз сезімін алғаш рет еркін жеткізгендей болды.
Апта өткен сайын балалар домбыра тарихымен, қазақ күйлерінің шығу аңыздарымен танысты.
Олар «Кішкентай күйші» ойынын ойнап, өздері шағын әуендерді түрлі ұлттық аспаптармен сүйемелдеп өздері де күй шерткендей болды. Күйді тыңдау, сүйемелдеу арқылы балалар басқа да аспаптармен танысты. Ол аспаптар — жетіген, қыл қобыз, сақпан, даңғыра, сыбызғы, саз сырнай, керней, үскірік, жыланбас қоңырау, шаңқобыз , дабыл, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас тағы басқа. Бұл аспаптардың қайсысы үрмелі , ұрмалы , шулы, шертпелі (шекті) аспаптарға бөлінетінін ажыратып үйренді. Балалар әр аспапты ұстап, көріп дыбыстарына таңданып, әдемілігіне тамсанып, қызыға қарап түрлі сұрақтар да қойды. — Бұл аспаптар арқылы ертеде ата-бабаларымыз ән салып, күй шерткен. «Жеті баланың үні» , «Саз сырнайдың сағынышы», «Домбыра неге екі ішекті», «Қорқыт пен қобыз» аңыз-ертегілер бірнеше күн әңгімелеп балалардың нәзік жүректерін ұлттық құндылықтар мен мәдениетке деген құрметке үйренді.
Көктемде ауылдың ортасында үлкен өнер мерекесі өтті.
Балалар сахнаға шығып, күй тартып, қимылмен әуенді бейнеледі, суретпен сезімін жеткізді.
Ауыл адамдары шаттанып:
— Мына балалар – нағыз өнердің сиқыршылары! — деді.
Ұстаз күлімдеп:
— Бұл менің сиқырым емес, бұл – әр баланың жүрегіндегі өнердің күші.
«Сиқырлы күй әлемі» — әр балаға өз қазынасын табуға көмектесетін жол, ал сендер сол жолдың алғашқы қадамында тұрсыңдар, — деді.
Содан бері бұл ауылда күй өнері үзілмеді.
Балалар өсті, бірақ домбыра үнімен достықтары сақталды.
Олар өз балаларына да сол сиқырлы әлемнің есігін ашты.
Педагогикалық мәні:
Бұл ертегі-эссе «Сиқырлы күй әлемі» бағдарламасының негізгі мақсатын — балалардың музыкалық талғамын қалыптастыру, ұлттық өнерге сүйіспеншілігін арттыру, қиялын дамыту және шығармашылық қабілеттерін жетілдіру — көркем формада жеткізеді. Бағдарламадағы тыңдау, қимыл, бейнелеу және аспаппен танысу сияқты әдістер балалардың эмоционалды, эстетикалық және танымдық дамуына ықпал етеді.